Шетелдік нөмірмен жүрген астаналық жүргізушілер утилизациялық алым мен кедендік баж салығының тым қымбат екенін, айыппұлдарды шамасынша төлеп отырғанын, әрі уақытша тіркеу аяқталғаннан кейін көліктерін қайда жіберетінін білмейтінін айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
30 жастағы астаналық жеке кәсіпкер Азамат Қайратұлы 2019 жылдың тамызында Армения астанасы Ереваннан Toyota Sienna көлігін сатып алған. Қазір елімізде армян нөмірімен жүр.
«Жол шығынын қосқанда көлікті алуға 3 миллион 600 мың теңге кетті. Арменияның жол полициясынан техникалық нөмір мен көліктің паспортын алып, оны сақтандырдым. Алдымен Грузия арқылы Ресейге өттім. Кейін Қазақстанға келдім. Арменияда көлік арзан. Ондағы автомобильдің бағасына қарап, қызығасыз. Өкінішке қарай, менің көлігімді елімізде 3 миллион 600 мың теңгеге сатып ала алмайсыз», — дейді жүргізуші ағынан жарылып.
«4-5 орындық көлікке сыймайсыз»
Оның айтуынша, Қазақстандағы Toyota Sienna-ның бағасы 7 миллион теңгенің шамасында. Жеке кәсіпкер бұл көлікпен отбасын асырап, бала шағасының жағдайын жасап жүргенін айтады.
«Менің әжем, әйелім мен үш ұлым және қарындасым бар. Балаларымды балабақшадан, мектептен осы көлікпен алып кетіп жүрмін. Отбасым үлкен, 4-5 орындық көлікке сыймаймыз. Ал бұл көлікке көп жолаушы сияды. Сонысымен ыңғайлы», — дейді Азамат Қайратұлы.
Жүргізуші Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен кіргізілген автокөліктерді уақытша тіркеу басталғанынан, ол 2021 жылдың 1 наурызынан аяқталатынынан хабары бар. Бірақ жеке кәсіпкер бұл мәселе жөнінде ойланғысы келмейтінге ұқсайды. Себебі, көлікті Қазақстанда толық тіркеу үшін қомақты қаражат керек.
«Көлігімді толық тіркеу үшін утилизациялық алым мен кедендік баж салығын қосқанда 3 миллион теңгеден астам ақша төлеуім керек. Бұл — бір автокөліктің құны. Менің ондай ақшаны төлеуге мүмкіндігім жоқ», — дейді ол.
«Арменияға жеткізу тиімсіз»
Сонымен қатар Азамат Қайратұлы уақытша тіркеуге әлі біраз уақыты барын, көлігін бөлшектеп сату мәселесін қарастырмайтынын атап өтті.
«Әзірше, бұл көлікпен жүре тұрамын. Бұл мәселенің шешілуін уақыттың еншісіне қалдырамын. Себебі, көлікті қайтадан Арменияға жеткізу тиімсіз. Көлігімді бөлшектеп сатуды қарастырмаймын», — дейді ол.
«Айыппұлды төлеп жүрмін»
Ол Қазақстанның бірнеше қаласында шетелдік нөмірі бар жүргізушілер митингіге шыққанын білетінін, өзі ондай шаралаға қатыспағанын жеткізді. Сондай-ақ Азамат Қайратұлы айыппұлдарды уақытында төлеп жүргенін тілге тиек етті.
«2019 жылдың желтоқсан айында 4 айыппұл төледім. Электрон поштама бір аптаның ішінде 50 пайыз жеңілдік жасалатыны туралы хабарлама келді. Нәтижесінде айыппұлды төледім. Мен «армян, қырғыз, ресейлік көліктер жол ережесін жиі бұзады» деген пікірмен келіспеймін», — дейді ол.
«1 миллион теңге үнемдедім»
Нұр-Сұлтан қаласының 28 жастағы тұрғыны Мерей Күзентай осыдан үш ай бұрын армян нөмірі бар Toyota Сamry 40 көлігін сатып алыпты.
«2007 жылғы көлікті қазақ жігітінен 3 миллион теңгеге алдым. Осылайша, 1 миллон теңге үнемдедім. Көліктің бұрынғы иесі оны Армениядан әкеліпті. Қазақстандағы мұндай маркалы автокөліктің бағасы — 4-4,5 миллион теңге аралығында», — дейді жүргізуші.
Ол мұндай қадамға амалсыздан барғанын айтады.
«Қалтамда 3 миллион теңге болды. Көлікті жан-жанжақтан іздедім. Қазақстанда 3 миллион теңгеге дұрыс көлік таба алмаймыз. Осылайша, Toyota Сamry 40-ты алдым. Оның техникалық жағдайы жақсы болды», — дейді Мерей Күзентай.
«3,5 миллион теңге керек»
Алайда жүргізуші көлікті тіркеу үшін қомақты қаражат керегін айтып қынжылды.
«Көлігімді толық тіркеу үшін шамамен 3,5 миллион теңге қажет. ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жүргізіледі. Енді мемлекет тіркеуге көмектеспесе, көлігімді Қазақстаннан шығарып, сатуға қоямын немесе оны бөлшектеп сатамын. Барлығын уақыт көрсетеді», — дейді астаналық тұрғын.
Сондай-ақ Мерей Күзентай төленбеген біраз айыппұл бар екенін айтып қалды.
«Жол ережесін бұзғанымды жасырмаймын. Маған шамамен 80-90 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуім қажет. Оны уақыты келгенде төлеймін», — деп түйіндеді сөзін жүргізуші.
Айта кетейік, осыған дейін жол ережесін бұзған шетелдік көлік иелерінен айыппұл қалай өндіріліп жатқанын, Қазақстанда «сары нөмірлі» көлік сатып алсаңыз, өте сақ болу қажет екенін, ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктерге арнайы сары мемлекеттік нөмір берілетіні хабарланған.
Еске салайық, 24 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 ақпанға дейін қазақстандықтарға ЕАЭО-дан елге жеткізген көліктерін бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тіркеуге қою мүмкіндігін беруді тапсырған. Кейін ХҚКО-ларда шетелдік көліктерге «сары нөмірлер» беріле бастады. Бұл тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жүргізіледі. Қазақстанның ішкі істер министрлігі бұл мәселе бойынша арнайы телефон желісін іске қосқан.